БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 78

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. адамгершілікке тәрбиелеуге, ата-ананы құрметтей білуге тәрбиелеуге арналған. Мақалада Ыбырай Алтынсарин шығармалары талданып, олардың бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын қалыптастырудағы орны туралы айтылады. Тірек сөздер: дүниетаным, тәрбие, ұлттық болмыс, өнер-білім, адамгершілік, үлгі-өнеге. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» [1] – деп айтылған. Білім беру мәселесі Қазақстан Республикасының Конституциясында [2], «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасында [3] және де басқа да мемлекеттік құжаттарда көтерілген. Білім беру жүйесінің приоритетті міндеттерінің бірі - өсіп келе жатқан жас ұрпақ дүниетанымын қалыптастыру. Оның себебі егемендікке қол жеткізген уақытта заман сұранысына сай ұлттық рухани ерекшеліктерді еске ала отырып ұлттық салт-дәстүрдің озық үлгілерін, туған өлкенің дүниетанымдық мүмкіндіктерін өсіп келе жатқан жас ұрпақ бойында қалыптастыру – бүгінгі таңның кезек күттірмес мәселелерінің бірі болып отыр. Дүниеге көзқарас адам қоғамымен бірге пайда болған қоғамдық тарихи - құбылыс. Оның шығуының қайнар көзі - өмірдің өзі, адамның тіршілік болмысы. Қоршаған дүние жайлы көзқарастың қалыптасуы – танымға байланысты. Кез-келген тарихи кезеңдерде дүниенің жаралуы, табиғаттың түрлі құбылыстары туралы адамның өзіндік көзқарасы, түсінігі болады. Дүниеге көзқарас – адамзат санасының, дүниетанымының қажетті бөлігі. Дүниетаным сөзінің мағынасына, оның лексикалық құрылымына көңіл бөлсек, бұл ұғым ”дүние” және “таным” сөзінен шыққан. Дүние – бұл қоршаған орта, табиғат, бүкіл әлем. Ал “таным” философиялық ұғым “… айналадағы материалдық шындықтың адам санасында бейнеленуі”. Дәлірек айтқанда, дүниетаным адамның санасының өзінше ерекше түрі, -қоршаған ортаға оның көзқарасы дүние және сол дүниеден оның алатын орны. Дүниетанымның басты категориясы ретінде “дүние” және “адам” алынады, өйткені, дүние кең байтақ ұшы-қиыры жоқ, оны танитын, оның сырын ашатын табиғаттың перзенті – адам. Адам ойлауға, қорытынды жасауға қабілеті бар болғандықтан ол біртіндеп, тек күнделікті тұрмыстағы сұрақтарға ғана емес, сонымен қоса терең, ауқымды: қоршаған әлемнің пайда болуы және оның даму заңдылықтарының көптеген жалпы мәселелері туралы, өмір, жан, ақиқат дегеніміз не, жаратылыстың тізбегі неге осылай, намыс, парыз, жауапкершілік дегеніміз не, жақсылық пен жамандықты қалай ажыратамыз, өмір неліктен осылай құрылған, адам өмірінің мәні неде, ол қандай заңдылықтар бойынша дамиды, адамның туу мен өлімінің, бақыты мен қайғы-қасіретінің себебі неде деген сияқты сауалдарға ойлана бастайды. Себебі табиғат құбылыстары тылсым жұмбақ болып көрініп, адам санасына елеулі әсерін тигізеді. 77