БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 402

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. Сонымен қатар мақалада сол кездегі қаладағы мешіттер саны, татарлардың қоғамдық-cаяси өмірдегі рөлі және демографиялық көрсеткіштері туралы нақты мәліметтер келтіріледі. Тірек сөздер: этнос, татар, Алтын Орда, Қазан хандығы, Дешті қыпшақ, Курени, Татар слободкасы, Михайло-Архангельск соборы, Жайық қалашығы, Теке ноғайлар, татар-казак. Қазіргі таңда дүние жүзінде 262 астам мемлекет, 3000-дай этнос өмір сүріп жатыр. Тарихи оқиғаларға байланысты кей халықтар туған жерінен, тұрғылықты мекен жайларынан жырақта, өзге елде өмір сүреді. Көптеген ұлт пен этностардың тарихи қоныстауы қазақ жерінде де орын алды. Ұзақ уақыттан бері біздің жерімізде 140 астам ұлт өкілдері өмір сүріп келеді. Солардың бірі – татарлар. Тарихи деректерге сүйенер болсақ қазіргі заманғы татарлардың тек Еуразия аймағында ғана емес, әлемнің көптеген мемлекеттерінде өмір сүргенін көрсетеді. Кез-келген аймақтың ұлттық-этникалық құрылымы өзінің тарихи тамырына ие және әрбір жеке тарихи кезеңде экономикалық даму деңгейімен саяси жүйесімен, сондай-ақ үнемі аймақтық графикалық фактормен өзара байланысты. Қазіргі Батыс Қазақстан аумағы бірнеше ғасырлар бойы қазақ, орыс және еділ-жайық халықтарының: татар, ноғай, қалмақ және башқұрт халықтарының түйісінде орналасқан. Белгілі болғандай, қазіргі татарлардың ата-бабалары, Алтын Орда мен Қазан хандығының гүлденуі кезеңінде сауда және қолөнер бұйымдарымен айналысып, ауқымды Еуразия аумағында Дешті Қыпшақ деген атаумен өмір сүрді. Олар өздерінің ұлттық ерекшеліктерін және жалпы түрік мәдениетін сақтап және дамыта еркін өмір сүрді. Бірақ кейіннен, жаңа тарихи талап кезінде, Мәскеу княздығы қатыгез әскери саясат жүргізе бастағанда, бұл аймақтағы жағдай түбегейлі өзгерді. Бұл ең алдымен Қазанның құлдырауы мен Астрахань хандығының жойылуымен байланысты болды. Сондықтан қазақ даласының кеңістігіндегі Қазан татарларының Волга аймағынан шыққан алғашқы көші – қон толқыны XVI ғасырдың II жартысында бастау алады [1, 17 б.]. Жалпы, татарлар қазақ жеріне XVI ғасырдан бастап келе бастады. Бұл уақытта Қазақстан мен Ресей арасында саяси байланыстар орын алып, сауда жақсы дамыған еді. Патша үкіметі шекараны ұлғайту және Орта Азия мемлекеттерімен қарым-қатынас орнату мақсатын көздегендіктен, қазақ даласын отарлау қажет болды. Патша өкіметі татар-түрік мұсылмандар арқылы жергілікті қазақтармен байланыстарын нығайтуды көздеді. Керуен жолдары қазақ даласынан өтетіндіктен патша өкіметі татар көпестері мен қолөнершілерін отырықшыландыруға итермеледі. Қазақ хандарымен байлaныс жасауға талпынып, елшілік жіберді. Ол елшіліктің құрамында татар ұлт өкілдері де болды. Оларды қазақтармен тілдесу үшін тiлмаш ретiнде пайдаланды.Мысалы, 1595 жылы 28 наурызда орыс патшасы Федор Иванович Мәскеу мемлекетінің қол астына қазақтарды алу үшін Степановты Тәуекел ханға жіберген кезде елшіліктің құрамында татар Данило Семенов болған [2, 6 б.]. 401