БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 354

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. Жалпыадамзаттың мәдени танымында құндылықтың рөлі ереше. Ұлттың мәдени-танымдық әлемінен құндылықтар екшеленіп, өмір тәжірибесінде айрықша қызметке ие бола бастайды. Демек, мәдениеттанымдық білім аксиологиялық қажеттіліктер ретінде санаға сіңеді. Мәселен, салт-дәстүрлер, жосын-жоралғылар, әдет-ғұрыптар, ырым-тыйымдар, кәде, құрмет, тағы басқалар ұлттық құндылықтар қатарынан орын ала бастайды. Қазіргі таңда тіл білімінде адам санасындағы түсініктер құндылықты ажыратуға бейімделетіні ойлау жүйесінің жетілгенін білдіреді. Сондықтан, құндылықтар бейнесі ұлттанытушылық мәртебеге ие болды. Ақиқат дүниені бағалау танымдық әрекеттің имманентті көрінісі, ал соның негізінде қалыптасатын құндылықтар жүйесі - мәдениеттің мәні, маңызы болып саналады. Құндылық - адамзатқа тән болмыс, яғни адамның танымдық ой- түйіні мен бағасының нәтижесі. Мәселен, баланы қырқынан шығару - адамның өмірге бейімделуінің алғашқы көрінісі. Қырық күннен кейін нәрестенің денесі сәл болса да қатайып, «қолға ұстауға келетіндей» өсіп, жан-жағына қарап, дүниені тану үдерісінің қарапайым әрекеттері қалыптаса бастайды. Осы ерекшелікті дәл уақытымен (қырық күн) өлшем, арнайы атап өтуі қазақтар танымында құндылықпен тең. Себебі, қырқынан шығарудың үлкен рәсімдері бар. Қырқынан шығаратын кісінің өзі отбасының арнайы қалауымен таңдалады. Оған ризашылығы үшін сый-сияпат, кәде, жосын- жоралғылары жасалады. Иткөйлек шешу рәсімінің өзінде халықтың құндылық танымы жатыр. Сол сияқты қырық қасық су құйып, нәрестеге, оның ата-анасына тілек айту ғұрпы да бүгінгі күнге дейін сақталып келе жатқан рухани құндылық деп танылады. Қырық қасық су құятын кісі келеді. Қырық қасық сумен айтылған тілекке баланы шомылдыруының мәні де, «осы тілектері орындалып, болашағы жарқын болсын» деген наным-сенімнің өзі құндылықтың мәнін терең түсінгенімен дәлелденеді. «Қырқынан шығару» салты тілімізде лингвоаксиологиялық бірлік ретінде танылуын нақты дәйектеу үшін осы дәстүрге қатысты ақпаратты толық жеткізгеніміз орынды. «Қырқынан шығару – баланың дүниеге келгеніне қырық күн толғанда атқарылатын наным-сенімге негізделген ғұрып. Сәбидің ана құрсағында жатқан уақытынан бұғанасы қатып, есейіп ер- азамат болған шағы, кәрілікке жетіп, о дүниелік болған кезіне қатысты қалыптасқан діни ұғымдар мен тұрмыстық түсініктер бар. Сондай діни, мифтік түсініктердің бірінде ана құрсағына біткеннен бастап сәби жеті жұлдыздың (планетаның) әрқайсында қырық күннен қарамағында болады, ал әр жұлдызда 70 періште бар екен дейді. Сөйтіп, ана құрсағында сәби 280 күн (7х40=280) яғни тоғыз ай, тоғыз күн жеті жұлдыздың бақылауында, 70 періштенің қамқорлығында болады. Ал ана құрсағынан жарық дүниеге келген сәбиді Қырық Шілтен күн сайын біреуден келіп, қырық күн күзетеді екен деседі. Қырық күн өткенде шілде күзет аяқталды деп, шілдекүзет немесе шілдехана тойын өткізеді [1, 228 б.]. Қырқынан шығарғанда баланың «қарын шашы», «сүт тырнағы» алынады. Қарын шашты тастамай шүберекке немесе өзінің киіміне түйіп қояды. Оны кейде тіл көзден сақтайды деп бесігінің басына, жейдесіне тұмар ретінде іліп, шошынғанда сонымен қағып аластап емдейтін болған. Кейбір дерек берушілердің мәліметінше баланың сәби шағының ескерткіші ретінде де сақтайтын болған. Негізінен «қарын шашы алынбаған баланың назасы қатты болады» деген сенімге орай қарын шашты түгел алатын болған. 353