БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 337

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. Эпопеяның бас кейіпкері Абайдың болмысы туралы әңгімелер Әуезов көкірегінде бала күннен хатталған. Абай сынды халықтың ары да, намысы да болған тұлғаның көркем бейнесін әдебиет әлеміне әкелуге жазушының кейіпкерімен бір топырақта дүниеге келуінің де әсері бар. Тағдыр сыйлаған ғұмыры Әуезовке қазақтың Абайын, әлемнің Абайына көтеруге мүмкіндік берді. 1938 жылы бастап, 1940 жылы «Телғара» атты романын аяқтаған Әуезов «Абай туралы роман жазам деген ойда жоқ» дейтіні де бар. Жазушыға бала кезден құлағына сіңісті, көзіне қанықты жайттар жазбауына мүмкіндік бермеген сыңайлы. 1942 жылы «Абай» деген атпен екі томдық кітап жарық көрді. 1940, 1942 жылғы басылымдардағы кейбір кісі аттары кейінгі кітаптарда өзгертілді. Дулат – Барлас, Жанақ – Садақ, Түбек – Шүбек, Сабырбай – Қадырбай деген есімдермен ауыстырылды. Бұған бұл ақындардың сол тұста саясаттың ықпалымен байшыл-феодалдық бағытты ұстанушылар деп, оқулықтардан шығарылуының да, автордың жиын бейне жасауға талпынысының да әсері бар. Жазушының алғашқы романын «Абай», екінші кітапты «Абай аға», кейінгі төрт томды «Абай жолы» аталуында да астарлы мән бар. Автор осы ұстанымын эпопеядағы жиырма алты тараудың аттарын қоюда да басшылыққа алған. Тарау аттары сонда суреттелетін оқиғалардың психологиялық күйін беруді мақсат тұтқан. Эпопеядағы тарау аттарының символдық мағынасы туралы алғаш зерделікпен пікір айтқан – Ғ.Мүсірепов [1, 45 б.]. Бірінші кітапта азамат ретінде қалыптасқан Абай, кейінгі кітаптарда ақын, қайраткер бейнесінде ой мен сананы, сыр мен сезімді қатар ұстап, өрлей өседі. Өмірдегі әр түрлі көрініс, қарым-қатынас, жер дауы, жесір дауы, рулар арасындағы тартыстар Абайдың пісуіне, маңайын танып талдауға ықпал етті. Қимас, қадірлі әкесінен де, әділдік, шындық іздеген көңіл Абайды бірте-бірте жатсындырады. М.Әуезов Абайды оп-оңай халыққа тели салмайды. Абайдың көңіл-күйіндегі өзгерістерді алдымен оның сыртқы реңінен байқаймыз. Тумысында қоңыр өңді Абай өңі ішкі жан толғанысының ретіне қарай, өзгеріп отырады. Абайдың қоңыр жүзі эпопеяның өн бойында: бірде ұялып қызарады, аурудан кейін бозғылданады, Тоғжанға ғашық болған түні ұйқы көрмей сұлық тартады, Салиха дауына билік айту тұсында көңіліндегі қобалжу, қысылу әсерімен ақшылданады, Әбдірахманның ауырып жатқанын естігенде аппақ қудай болады. Романда үнемі өсу үстінде бейнеленген Абайдың өзіндік ерекшеліктері мен өзгерістері сан қырлы. Автор өзгерістерді екшей келе, кейіпкер болмысын жете таныту үшін, Абай көзіндегі өзгеше отқа назар аударады. Байдалының Абай көздерін «сексеуілдің шоғына» балауында да астар бар. Абай бар ықыласымен, адал көңілмен сәлем бергенде Бөжей сенбегендей қалып танытқанда, кінәлап, ренжіген жазықсыз баланың отты көздері жарқ етеді. Құнанбай әділетсіздігін естігенде, Абай көзіндегі от өшкендей болады. Эпопеяда Абай көзқарасы үнемі өзгеріске ұшырап отырады. Бірінші кітапта суреттелген Абай мен төртінші кітаптағы Абай бір емес, бірақ мүлде бөлек те емес. Төртінші кітапта Абай көздерінде мұң, мысқыл көбірек көрінеді. Әбіш әкесімен қаладағы Шәрібжан, Юнусбек халфелермен сөз қақтығысы тұсында «ақ-қарасы әлі де ап-айқын, шошақтау біткен көздерінде салқын күлкі, ащы мысқыл аралас отырғанын байқайды». 336