БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Página 334

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. мөлдір сезім жыршысы табиғаттың бірыңғай сұлу шақтарына сүйсінумен жүреді. Сағи Жиенбаевтың поэзиясы арқылы Қазақстанның қиыр түкпіріндегі ешқайда құймайтын кішкентай Жем өзені, сонау Ақ жайық пен Атырауға ақ толқын жамыратып, Сырмен сырласып, Ертіске еркелеп, Көкше көріністерімен жалғасады. «Қарақалпақ жерінде», «Қарақұм оттарына» көз тігіп, «Ыстықкөл самалына» құшақ ашып, «Кавказ дәптерінен», «Ақеділге» асады. Туған жерге арналған өлеңдері сәбилік сезім өмірінің ақырына дейін Сағи суреткерлігінің жібек желісі, алтын арқауы. Оқи отырып Сағи Жиенбаевтың өлеңдері неліктен, Мұқағалиды таңғалдырарлықтай «бірде-бір тәртіпсіз буыны жоқ, артық өлшемі» жоқ болып келетінін байқаймыз. Шынымен тәртіпті сүйетін оның ойынша қасірет тағдырдың жазуы шығар-ақ, бірақ оның орнын бәрібір қуаныш басуы керек, әр таң бір қуаныш сыйлауға тиіс. Әрине олай жасайтын құдіреті болмаса да ақын соған тілектес, өзі көрмеген қызықты өзгелердің көргенін тілеп тұрады. Бұл жалғанда оның түзеткісі келмейтін құбылыс жоқ еді. Көгілдір көктемнің де барлық аймақта бірдей уақытта бірқалыпты шыраймен тұрғанын қалайды. Осылайша бір құс қиқилап, айнала күйге толған шақтың рахатынан ләззат алып отыра берсе еш жанның мазасын алмайтын Сағи ақынның аяқ астынан табанына қызу құмын басқан туған даласына сағынышы оянады. Жетті ме көктем Жемге де, Кетті ме қыстың ызғары. ...Жайсыздау еді бесқонақ, Бесқонақ қалай өтті екен... Негізінен, бесқонақтың әлегі мен мұз түсуі соншалықты әбігерге саларлықтай құбылыс емес, әр жыл мезгілімен бірге келетін сәттері. Мүмкін өзге өнер иелері оны елемес, тек шырайлы жыл мезгілінің керемет кезеңдерін майын тамыза жырға қосар. Ал сезімтал Сағи Жиенбаев оңтүстік өңірлерде жүріп мамыржай мезгілдің ең алғаш куәсі болғанына қытымыр қысы қайта қоймайтын жерлестерінен ыңғасызданғандай, оларды уайымдайтындай көңіл-күйде. Туған өлкесі – Жемге көктемнің кешігіп келетінін есіне ала отырып, туған жерінен жырақта болса да жан-дүниесімен сол жақты сезінеді. Осылайша жер шарындағы барлық құбылысты әрдайым әсем арнаға ғана тоғыстырғысы келетін ақиық ақын «тәртіпсіз буынға, артық өлшемге» қалайша ұрынсын. Оған қазақтың біртуар қаламгерлерінің айтулысы Төлеген Айбергеновтің «Мен мынау ыстық жүрегімменен қара тасты да сағынам, Қаланып қалса тәртіппен!», - деген жолдары шашбауын көтеріп, қолдау көрсеткендей. Бірақ тәртіпті жыр жолдары жалпыға бірдей жаға бермесі анық. Өзіндік стилімен Жұмекен Нәжімеденовтің қилы-қилы шарпылыстарға толы, қоңыр бояуға үйірсектейтін жыр-толғаулары немесе Мұқағали Мақатаевтың шымбайға батыратын шындықшыл, тізгінді тартып ұстауға құлқы жоқ қарқынды жырлары да оқырмандарының биік бағасын иеленді. Қос қаламгерге кейінгі буын ғана емес, өз тұсында жүрген замандас әріптестері де еліктеп қалам сермеді. Ал байсалды Сағи ақын өз қалпынан ауытқымады. Туындыларынан көрініп тұратын бірқалыпты мінезімен бірге сұлулыққа ғана ынтазарлығы болса керек. Ол сәулелі сәуірі, мамыржай маусымы, шырайлы шілдесі, тамылжыған тамызы бар арбасу мен арпалысы жоқ өз әлемінде жырға баурады. Байқағанымыздай оның өлеңдерінде көктем тақырыбы басымырақ. Иә суық қахарын төкпейтін, бұлтты қабағын 333