БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 313

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. Қаламгер өз қиялындағы оқиғаны, көңіл-күйін мәтінге түсіргенде түрлі нұсқаларды туындатып, солардың ішінен таңдау жасайды. Көркем мәтіннің сапалық деңгейіне үш нәрсе туынды иесі – автор, әрекет иесі – кейіпкер, туындыны тұтынушы – оқырман қатысты. Яғни, мәтін тікелей адамға қатысты дүние. Осыдан келіп туындының әлеуметтілігі туады. Мәтіннің әлеуметтік сипаты белгілі бір кезеңмен, уақытпен, дәуірмен және қоғамдағы әлеуметтік құрылыммен байланысты. Бұл ойды М.Бахтин былай деп нақтылайды: «...всякое литературное произведение внутренне, имманентно социологично. В нем скрещиваются живые социальные силы, каждый элемент его формы пронизан живыми социальными оценками. Поэтому и чисто формальный анализ должен брать каждый элемент художественной структуры как точку преломления живых социальных сил, как искусственный кристалл, грани которого построены и отшлифованы так, чтобы преломлять определенные лучи социальных оценок и преломлять их под определенным углом» [10, 112 б.]. Көркем проза өз дамуында қат-қабат психологиялық мазмұнға, көпқырлы көркемдік-бейнелілік шарттылықтарға ие болды. Нақты қоғамдық-тарихи жағдайларға сәйкес, прозалық туындыларда гуманизм мәселесі әр қилы жағдайда көрініс беріп отырды. Заманның, қоғамдық-әлеуметтік жағдайлардың адам тағдырына әсері көркем туындыда мекеншақтық фонда бейнеленіп, түрлі мінездеу, бейнелеулер арқылы танытылады. Мәтін құрылымы мен шығарма мазмұны, оның көркемдік-эстетикалық нысаны – дискурсты талдауда назарға алынатын негізгі мәселелердің бірі. Осы талқылауда басты орында тұратын – кейіпкер тұлғасы. Себебі, кез келген әдеби туынды – адам тағдырының, оның рухани бітімінің «алтын ордасы». Көркем шығарма әдебиеттану ғылымында мәтін деп қарастырылады. Бірақ, көркем мәтін бұл көркем шығарманың өзі емес. Тұсында Г.М. Мучник: «Көркем мәтін – ол ауызша шығарманың коммуникативті бағыты, қабылдау үдерісі кезінде көрініс табатын эстетикалық құндылыққа ие дүние» [11, 98 б.], – десе, В.В. Савельева: «Көркем мәтін – шығармашылықтың сырлы нәтижесі; талқылаудың және саралаудың нысаны; қаламгер мен оқырманның дүниеге деген өзіндік көзқарасының нәтижесі; ол белгілі бір мәдениеттанудың феномены; лингвистикалық санаты; сублимацияның нәтижесі және невропатологияның куәлігінің айғағы; архетипиялық әлемі; психологиялық нақтылық» [12, 18 б.], – деп көркем мәтіннің табиғатын анықтап берген болатын. ХХ ғасырдың 70 жылдарына дейін лингвистика тарихи және құрылымдық тұрғыдан зерттеліп келген болатын. Лингвистика ғылымының жаңа зерттеу бағытының қалыптасуына қозғау салған күш тілді ой-санамен, таныммен, мәдениетпен, ұлттық құндылықтармен, жеке адамның (тілді қолданушының, сөйлеушінің) тұрмыс-тәжірибелік қызметімен тығыз байланыста қарастыру мәселесі деуге болады. Дискурстық талдау теориясы немесе дискурсология жаңа ғылым саласы ретінде тілді антропоөзектік парадигмаға сай зерделеуден туындады. Дискурсты арнайы зерттеуші ғалым К.Садирова: «Дискурс талдау теориясы пәнаралық сипаттағы ғылым саласы ретінде қалыптасты. Оның пәнаралық сипатта деп танылуының себебі дискурс коммуникациядағы ең маңызды, ажырамас агент болып саналатындығында, яғни дискурста мән, 312