БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Seite 311
БҚМУ Хабаршы №2-2019ж.
жазушы шығармашылығындағы басты мұрат. Әдеби туынды, яғни көркем
шығарма тілдік белгілердің жүйелі сабақтастығымен, нақтылай түссек,
мәтінмен тиянақталады. Туындының тілдік-семантикалық құрылымын
анықтауда мәтін тарихын ескеру қажеттігі басым.
Теоретиктер тұжырымдарына сүйене отырып, жинақтаған білім мен
қалыптасқан ұғым тұрғысынан байыптар болсақ, мәтін (текст; text) – бұл
жалпы тақырып төңірегінде біріккен, сабақтастық пен тұтастықтан тұратын,
түрлі деңгейдегі ақпаратты жеткізетін мағыналы сөйлемдердің тізбегі болып
табылады.
«Мәтін» сөзінің қаламгердің туындысы, осы туындының ішкі
элементтерінің өзара байланыстылығы және туындының сапасы, яки ондағы
шеберлік деген семантикалық құрылымдардан тұрады. Аталған үш
семантикалық құрылымға сай оны үш пән – мәтінтану, герменевтика және
поэтика зерттейді. Мәтінтану қарастырылып отырған мәтіннің қай дәуірге
немесе авторға тиесілі екендігін анықтаса, герменевтика мәтінді түсіндірумен
айналысады. Поэтика мәтіннің қалай түзілгенін, оның көркемдік бітімі мен
композициясын зерттейді. Бұл аталған үш саланың зерттеу нысандары тұтаса
келіп дискурстық талдауды жүзеге асырады. Эстетикалық нақтылық
тұрғысынан шартты түрдегі бейнелі әлемді танытады. Бұл «бейнелі әлем»
суреті әрбір көркем туындының басты ерекшелігі. Екіншіден, мәтіннің өзінде
туынды жазылған әдеби текке, халықтық дәстүрге тәуелді түрліше
рәсімделген «рама», немесе «рамалы» мәтін, яғни белгілі бір заңдылықтарға
еріксіз бағынатын мәтін бар .
«Мәтін» мен «шығарма» ұғымдары синоним емес. Мәтін – бейне мен
бейнелілікті материалды тұрғыда ұстаушы, ол қашан оқылғанда ғана
шығармаға айналады. Ал, көркем шығарма болса өзін көркемдік тұтастықта
танытатыны белгілі. Әдеби-көркем шығарма – үнемі қозғалыс үстінде
болатын адам өмірінің қандай да бір шектеулі ортадағы көркем бітімі. Әдеби
шығарма сонымен бірге – нақты ұғым. Себебі, біз оны оқимыз, санамен
қабылдаймыз. Бір әдеби шығарма басқа өнер туындысының өмірге келуіне де
ықпал етеді. Сонымен, біріншіден, әдеби шығарма әуелі өмірдің бейнесі,
екіншіден, ақиқат өмірдегі нақты бір рухани зат болып табылады.
Қазіргі филологиялық аспектіде дискурсқа қатысты пікірлер әртүрлі.
«Дискурс» ұғымы тілдік қызметті, мәтінді, ой-толғамды да білдіретін көп
сипатты термин.
«Дискурс» термині көп мағыналы екенін естен шығармаған жөн. Дискурс
теориясы антикалық риторикадан бастау алып, дербес сала ретінде
ХХ ғасырдың 60 жылдарында қалыптасты. Бұл терминді ғалымдар мынадай
мағыналарда қолданады: Дискурс дегеніміз: 1) байланысқан мәтін;
2) мәтіннің айтылымдағы түрі; 3) диалог (сұхбат); 4) мағыналары жағынан
өзара байланысқан сөздер тіздегі; 5) жазбаша немесе ауызша түрдегі сөйлеу
шығармасы [1, 479 б.].
Т.А. Ван Дейк тұжырымына назар аударсақ, дискурс әлеуметтік-мәдени
қарым-қатынастың маңызды бөлшегі, оған тән ерекшелік белгілер – мақсат
пен стиль [2] десе, М. Л. Макаров дискурсты формальді, функционалды және
ситуациялық интерпретация көзқарасы тұрғысынан түсіндіреді [3, 119 б.].
Теоретиктер мәтін мен дискурс айырмашылығын талқылағанда, «мәтін
дискурстың ең кіші әрі негізгі бірлігі» деген көзқарасқа көбірек тоқталады [4,
176 б.].
310