БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Página 286
БҚМУ Хабаршы №2-2019ж.
ӘОЖ 821.512.1.0.
Даутова Г.Р. – философия докторы (PhD),
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
E-mail: gulnazdautova@gmail.com
Султан Е. – философия докторы (PhD),
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
E-mail: yertaysultan@gmail.com
ЭПОСТЫҚ ЖАНРЛАРДАҒЫ МИФТІК КЕЙІПКЕРЛЕР ҚЫЗМЕТІ:
МЫСТАН КЕМПІР МЕН ЖАЛМАУЫЗ
Аңдатпа. Мақалада қазақ фольклорының ертегі, эпос жанрларында
кездесетін мифтік кейіпкерлер атқаратын қызметіне, сюжеттегі
кеңістігіне қарай бөлініп жан-жақты талданады. Осыған байланысты
мифтік кейіпкерлердің оқиға желісінде сипатталатын мекендері де
ескерілді. Архаикалық эпостарда жиі кездесетін жалмауыз, мыстан кемпір,
қара дәу образдары сараланады.
Тірек сөздер: фольклор, миф, мифтік кейіпкерлер, эпос, көне эпос,
батырлық жыр, бейне, функция
Фольклорда мифтік кейіпкерлерді екі түрге бөліп, мифтерден бастау
алатын мәдени қаһарман және ертегі, көне эпостарда кездесетін алып,
жалмауыз, мыстан кемпір, қара дәу т.б. қарастырылатыны белгілі. Зерттеулер
нәтижесі көрсеткендей, мәдени қаһарман әлемді қалыптастырушы,
қорғаушы, дамытушы құдіретіне ие. Алайда, оның қызметінің өзі тарихи
өзгерістерді басынан өткерген. Фольклорлық шығармаларға негіз болған
«мифтік дәуір», «мифтік уақыт», «мифтік кеңістік» ұғымдары адамзат
баласының алғашқы ой-танымының көрінісі ретінде бағалы. Онда алғашында
адам мен табиғат бөлінбейді, біртұтас түсініледі. Демек бұл кезеңде адамнан
аң-құс, табиғаттан адам жаратылып жатады. Ал адамның өзін табиғаттан
бөлектеп, ерекшелігін тани бастаған, табиғат сырын түсінуге ұмтылып,
сауалына жауап іздей бастаған кезеңнен бастап «жаратушы» тұлғасы пайда
болған. Әрине, ол біздің қазіргі түсінігімізден көп алшақ. Себебі, дүние жүзі
халықтарының көбіне ортақ жайт: дүниенің адамнан әлдеқайда бұрын пайда
болғандығы жайындағы түсінік. Олардың басым көпшілігінде алғашқы дүние
сипаттары (түпсіз тұңғиық, шым-шытырық әлем, шексіз ғалам, телегей теңіз,
қараңғылық) ұқсас болып келеді.
Қызметіне қарай мифтік кейіпкерлерді жағымды және жағымсыз, ал
кеңістік бойынша аспан әлемі (жоғарғы кеңістік), жер үсті әлемі (орта
кеңістік), жер асты әлемі (төменгі кеңістік), су әлемі (су асты кеңістігі) деп
бөліп қарастыруға тырыстық. Эпостардағы мифтік кейіпкерлерге жеке-жеке
тоқталып өтейік. Фольклор жанрларында кездесетін кейіпкерлердің бір түрі –
алыптар деп аталады. Түркі фольклорындағы алыптар деп тау көтерген
Толағайды, Алаңғасарды, тауға айналған Жеке батыр, Жасыбайларды
атайды. «Манас» жырында дәулер өте көп аталады. Мұнда, тіпті, жау
адамдар да «дәу» деп аталған (Жолой, т.б.)» [1, 212 б.]. Алып адам ұғымы
әлем мифологиясында, антикалық аңыздарда, көне гректерде, тау
халықтарында, грузиндерде, алтайлықтарда, башқұрттарда да бар.
Алтайлықтар фольклорындағы Сартақпайдың бейнесі Толағайлармен ұқсас
келеді. Ол да дене бітімінің өзгешелігімен, қара күшімен ерекшеленеді.
285