БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | страница 275

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. ғылыми тұрғыда оң шешімін тапқан. Тілдің қолданысындағы әріптердің әрбір көрінісі назардан тыс қалмай, ереже қағида түрінде нақты, түсінікті тілде берілген. Сондақтан Ереженің тілі мен стилі ғылыми тұрғыда нақты тұжырымдалып, жалпы қарапайым жұртқа түсінікті тілде жазылуымен де ерекшеленетінін атап көрсетпекпіз. Талқылау барысында тіл жанашырлары тарапынан айтылған ұсыныстар да Ережеде ескерілгенін байқауға болады. Ережеде бұрынғыдай ұу/үу, ый/ій қосар дыбыстардың бір ғана «у», «и» дара әріппен таңбаланатыны, бұл қосар дыбыстар тек сый/тый сөздерінде және осы сөздерге қосымша жалғанғанда ғана жазылатынын дұрыс заңдастырған деп білеміз. Бұрынғы Емлемізде шеттілдік сөздердің түп нұсқасы сақталуы басты орфографиялық талап болса, енді оларды қазақ тілінің ішкі табиғи ерекшеліктеріне бейімдеуге ерекше көңіл бөлінген. Сонымен бірге халықтың қазіргі жоғары сауаттылығына байланысты шеттілдік сөздерді көп өзгеріске түсірмей, халықаралық терминдер мен атаулардың тұрпатын сақтау арқылы жазу заңдылықтарын тым күрделендіріп жібермей, сол арқылы шетел тілдерін оқып- үйренуге де оңтайлы болу жағы ескерілгені байқалады. Мысалы, rejısor, valy`ta, dızaın, y`chılıshe, pıesa, fılm, sement, pa`rol, pitsa, komersıa, moderator. Ағылшын тіліндегі сөздің нұсқасында келген «w» әрпін қазақ жазуында «y`» әрпімен жазуды ұсынған: y`eb-saıt, y`atsap, y`ıkeıpedıa; Шетел тіліндегі танымал бренд, марка, тауар, т.б. атаулар түпнұсқа тұрпатында да, сондай-ақ қазақша игерілген түрінде де таңбаланатыны көрсетілген. Мысалы, Coca – cola / Koka – kola, Air astana /Eirastana. Өз ана тіліміздің табиғатына сай жазу емлесін қалыптастыруды мақсат еткен бұл ережелер жобасындағы шеттілдік сөздер мен кейбір кирилл әріптерінің емлесі туралы жазылған қағидалар да жұртшылық көңілінен шығады деп ойлаймыз. Себебі шығыс тілдерінен енген сөздердегі «х», «һ» әріптерінің жазылуы, орыс тіліндегі сөздерде келетін «ё, ц, щ, э, ю, я, ь, ъ » әріптерінің орнына жазылатын баламалары ғылыми тұрғыда дұрыс берілген. Әліпбиден шығарылып тасталған өзге тіл әріптерінің таңбалану ерекшеліктері дұрыс, қазақ тілінің табиғатына сай айтылған [14]. Қорыта айтқанда, Қазақ емлесінің негізгі ережелері Жобасы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының тынымсыз еңбегі мен ғылыми дұрыс бағыттағы зерттеулерінің жемісі деп білеміз. Қазақ емлесінің негізгі Ережелерінің жобасын толығымен қолдай отырып, қазақ жазуында қолдануға, оны бекітуге болады деп есептейміз. Латын әріптері - әлемдік талаптарға сай жазу, латын әліпбиі өркениеттің жазуы ретінде өмірдің өзі талап етіп отырған басты қажеттіліктердің бірі деп білеміз. Сондықтан Президентіміз бастап, халықтың қолдауымен қазақ жазуына латын графикалы әліпбиді таңдап отырмыз. Қазіргі кезде талқылау нәтижесінде әліпбиіміз бен жазу емлеміз ғылыми дұрыс құрастырылды деп айта аламыз. Енді латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін жаңа биіктерге бастайтынына кәміл сенеміз. Жаңа ғасырда жаңа әліпбиімізді меңгеріп, жазуымызды түзесек, тіліміздің де болашағы жарқын болады деп білеміз. 274