Алғы сөз
Қымбатты оқушылар !
Сендер Қазақстан Республикасының азаматысыңдар . Еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілі . Қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішінде тіл байлығы мен көркемдігі , оралымдығы жағынан алдыңғы қатардан орын алатын тіл . Сондай-ақ ол дүниежүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр . Осындай тілдің мұрагері болу , оның грамматикалық құрылымы мен тіл байлығын игеру қандай ғажап !
Қазақ тілі – әуезді тіл . Тіл әуезділігін сақтау үшін орфоэпиялық норманы сақтап сөйлей білу керек , ал сауатты жазу үшін орфографиялық норманы жақсы білу қажет . Бұдан басқа дұрыс сөйлеудің , сауатты жазудың лексикалық , грамматикалық , пунктуациялық нормалары бар . Ана тілінің осындай заңдылықтарын білу , атадан балаға мұра боп қалған бұл тілді келер ұрпаққа жеткізу – сендердің борыштарың .
Қолдарыңдағы « Қазақ тілі » оқулығы қоғамның белсенді мүшесі ретінде қалыптасуларыңа көмегін тигізеді . « Қазіргі қоғам құндылықтары : мәдениет және өркениет », « Индустрияландыру : ұлттық өндіріс », « Адамзат дамуының жаһандық мәселелері », « Адам өмірін сақтау », « Сәулет өнері » сияқты тақырыптар сендердің білімдеріңді толықтырып , ой-өрістеріңді дамытады .
Оқулықтағы кейбір тапсырмалар қосымша ізденісті , қазіргі ақпараттық технологияның мол мүмкіндігін пайдалануды қажет етеді . Мұның бәрі ана тілінің құдіретін сезіндірумен бірге , сендердің тұлға ретінде қалыптасуларыңа ықпал ететінін білгейсіңдер . Сондықтан оқулықтан алған білімдеріңді күнделікті өмірде қолдана білуге , тапсырмаларды шығармашылықпен орындауға тырысыңдар . Бұл оқулық сендердің ана тілін жетік меңгерген , ойын ауызша және жазбаша сауатты жеткізе білетін , туындаған мәселелерді дұрыс шеше алатын , шынайы өмірге бейім , жаңашыл азамат болып қалыптасуларыңа септігін тигізеді деп сенеміз .
4